Oqıǵalar
Облыстық қуыршақ театрында Baby-театр ашылды.
Облыстық қуыршақ театрында бүлдіршіндер үшін baby-театрдың ашылуы өтті. Бұл ең кішкентай көрермендердің алғашқы театр тәжірибесін қалыптастыруға, өнерге деген қызығушылығын оятуға және спектакльді бірге көру арқылы бала мен ата-ананың эмоционалдық байланысын сақтауға бағытталған ауқымды және маңызды жоба. Жаңа форматтағы спектакльдер 3 жасқа дейінгі балаларға арналып жасалды: қауіпсіз және жайлы кеңістік, тактильді элементтер және театрдың сиқырлы әлемімен танысу. Baby-театрда әдеттегідей көрермен залы мен сахна болмайды. Көрермендер жұмсақ жастықшаларда отырады, егер де әртістер мен бір-біріне кедергі жасамаса, еркін жүре алады. Кішкентай бала бір орында ұзақ отыра алмайды, сондықтан бұл тәсіл спектакль кезінде өзін жайлы сезінуге көмектеседі. Белгілі балалар әніне негізделген мейірімді де әсерлі ертегі – «Маймақ қонжық» қойылымы baby-театрдың тұсаукесері болды. Бұл спектакль баланың өнермен және шығармашылық атмосферамен алғашқы танысуы болып табылады. Спектакль сенсорлық қабылдауды, ой – өрісті және қарым-қатынас дағдыларын дамытуға бағытталған. Спектакль барысында кішкентай көрермен болып жатқан оқиғаның қатысушысы бола алады: декорацияларды ұстап, кейіпкерлермен ойнап, сүйкімді, бірақ сәл епсіз Қонжыққа саңырауқұлақ пен жаңғақ жинауға көмектеседі. Қойылымның ұзақтығы 30 минут, сюжеті түсінікті және пайдалы ойындардан тұрады, бұл көрерменнің шаршауына және қызығушылығын жоғалтуына жол бермейді. Baby-театрдың ата-аналар үшін де тәрбиелік маңызы зор, мәдениетпен ерте байланыстың қаншалықты пайдалы екенін және өнердің күнделікті отбасылық өмірдің бір бөлігіне айналатынын көрсетеді. Жаңа театр бағыты қостанайлық көрермендерге – ең кішкентай бүлдіршіндер мен ата-аналарына ұнайды деген үміттеміз.



