Oqıǵalar

Қостанай қуыршақ театры Ақтаудағы халықаралық фестивальден жеңіспен оралды!

Қостанай облыстық қуыршақ театрының шығармашылық ұжымы 9–14 қыркүйек аралығында «Ақтау – Түркі әлемінің мәдени астанасы» жобасы аясында өткен «NOMAD PUPPET» I Халықаралық қуыршақ театрлары фестивалінен зор жетістікпен оралды. Фестивальге Қазақстанның бес өңірінен, сондай-ақ Әзербайжан, Түркия, Татарстан, Қырғызстан және Өзбекстан – түркі тілдес елдерден келген 10 театр қатысты. 12 қыркүйек күні әртістеріміз режиссёр Н. Сабашвилидің «MEN…» спектаклін көрермен назарына ұсынды. Қойылым өнерсүйер қауымның жүрегін баурап, ыстық ықыласына бөленді. Көрермендер орындарынан тұрып, ұзақ ду қол шапалақпен қошеметтеп, әртістерді құрметпен шығарып салды. Қойылымнан кейінгі талқылау барысында қостанайлық өнерпаздардың шеберлігі фестивальдің қазылар алқасы мен құрметті қонақтарының жоғары бағасына ие болды. Қазылар алқасының құрамында Қазақстан мен шетелдің белгілі театр қайраткерлері болды:
  • Анар Саимжанқызы Еркебай — Қазақстан театр сыншылары қауымдастығының төрайымы, театртанушы, өнертану кандидаты, Т. Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының профессоры;
  • Меруерт Болатханқызы Жақсылықова — театртанушы, өнертану кандидаты, Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының доценті;
  • Давид Семёнович Бурман — режиссёр, продюсер, «КУКАРТ» халықаралық фестивалінің президенті, UNIMA, AVIAMA, ENCATC ұйымдарының мүшесі (Ресей);
  • Марина Юдже — актриса, «Tempo» театрының жетекшісі, Анкара театр кооперативі директорлар кеңесінің мүшесі, Анкарадағы халықаралық қуыршақ театрлары фестивалінің директоры (Түркия);
  • Дон Хи Чун  — Янчхон өнер және мәдениет қорының төрағасы, актерлік және театр өнері магистрі, философия докторы (Корея).

Фестиваль қорытындысы бойынша Қостанай облыстық қуыршақ театрының ұжымы Маңғыстау облысы әкімінің арнайы сыйлығына ие болып, 500 000 теңгелік сертификатпен марапатталды.

Бұл – 2025 жылы театр артистерінің осы спектакльмен алған екінші халықаралық жеңісі. Бұған дейін олар Алматыда өткен «Өртеке» VII Халықаралық қуыршақ театрлары фестивалінде «Ең үздік актерлік ансамбль» номинациясы бойынша беделді марапатқа және 1 000 000 теңге ақшалай сыйақыға ие болған еді. «NOMAD PUPPET» фестиваліне қатысу – Қостанай қуыршақ театры тарихындағы жарқын белес болып, ұжымның кәсіби деңгейі мен шығармашылық әлеуетін тағы бір мәрте айшықтап берді. 

Жеңістер қанаттандырған өнерпаздар жаңа белеске қадам баспақ. 2025 жылдың 16–20 қыркүйегінде театрдың 40 жылдық мерейтойына орай қостанайлық сахна әлем қонақтарын «Kostanay Puppet life» халықаралық қуыршақ театрлары фестивалінде қарсы алады.
Изображение новостиИзображение новостиИзображение новостиИзображение новости

Ақпараттық серіктестер