Oqıǵalar
Халықаралық фестивальдегі қостанайлық қуыршақ театрының жаңа жеңісі
21–26 қыркүйек аралығында Ақтөбе қаласында «Ассалаумағалейкум-VII» Халықаралық қуыршақ театрлары фестивалі өтті. Бұл айтулы шара әлемнің түкпір-түкпірінен келген қуыршақ өнерінің үздік шеберлерін бір арнаға тоғыстырды. Фестивальге сегіз елден келген он алты театр қатысты. Қостанай облыстық қуыршақ театры Николос Сабашвилидің «МEN...» қойылымын ұсынып, фестивальдің бас жүлдесі — «Үздік спектакль» номинациясы бойынша Гран-при иегері атанды. Спектакль бұған дейін де түрлі фестивальдерде халықаралық қазылар алқасының жоғары бағасына ие болып, бірнеше мәрте жүлделі орындарға қол жеткізген. Биылғы жылдың мамыр айында Алматыда өткен «Ортеке» VII Халықаралық қуыршақ театрлары фестивалнде қуыршақ театрының шығармашылық ұжымы «Ең үздік актерлік ансамбль» номинациясында жеңімпаз атанып, 1 000 000 теңгелік сертификатқа ие болған еді. Ал қыркүйек айының басында «Ақтау – Түркі әлемінің мәдени астанасы» жобасы аясында Ақтау қаласында өткен «NOMAD PUPPET» I Халықаралық қуыршақ театрлары фестивалінде театр Маңғыстау облысы әкімінің арнайы сыйлығын жеңіп алып, 500 000 теңгелік сертификатпен марапатталды. Ақтөбедегі жаңа жеңіс Қостанай қуыршақ театрының қойылымдары әлемдік шеберлердің үздік туындыларымен тең дәрежеде бәсекеге қабілетті екенін тағы бір мәрте дәлелдеп, Қазақстан қуыршақ өнерін халықаралық сахнада лайықты деңгейде танытып отырғанының айқын көрінісі болды.

