Oqıǵalar

«MEN…» спектаклінің жаңа жеңісі

          Ағымдағы жылдың 19 желтоқсанында Алматы қаласындағы Ғабит Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен  жасөспірімдер театрында Қазақстан Театр сыншылары бірлестігі тағайындаған беделді «Сыншылар жүлдесі» сыйлығының салтанатты марапаттау рәсімі өтті. Жеңімпаздар жыл сайын ұйымдастырылатын «Қазақстан театрлары – 2025» мониторингінің қорытындысы бойынша анықталды. Байқауға еліміздің барлық өңірлерінен 60 театр қатысты. Режиссер Н. Сабашвили қойған Қостанай облыстық қуыршақ театрының «MEN…» спектаклі «Қуыршақ театрының жыл қойылымы» номинациясында жеңімпаз атанып, 2026 жылы Түркияның Анкара қаласында өтетін Халықаралық қуыршақ театрлары фестиваліне қатысуға жолдама беретін арнайы сертификатпен марапатталды.
        Бұл – театр ұжымының биылғы жылы «MEN…» спектаклімен қол жеткізген төртінші жеңісі болды. Мамыр айында театр артистері Алматы қаласында өткен VII Халықаралық «Өртеке» қуыршақ театрлары фестиваліне қатысып, қазылар алқасының назарына режиссёр Н. Сабашвилидің «MEN…» спектаклін ұсынды. Орындау дәлдігі, ансамбльдік ойынның жоғары деңгейі, ұйымшылдық пен кәсіби шеберлік үшін ұжым «Ең үздік актерлік ансамбль» номинациясы бойынша марапатқа ие болды. Қыркүйек айында театр ұжымы бірден екі халықаралық фестивальде табысты өнер көрсетіп, кәсіби қазылар алқасының жоғары бағасына ие болды. Ақтау қаласында өткен I Халықаралық «NOMAD PUPPET» қуыршақ театрлары фестивалінде спектакль Маңғыстау облысы әкімінің арнайы сыйлығымен марапатталса, Ақтөбе қаласында ұйымдастырылған VII Халықаралық «Ассалаумағалейкум–VII» қуыршақ театрлары фестивалінде «Үздік спектакль» номинациясы бойынша Гран-при иегері атанды.
         Кәсіби қауымдастықтың мойындауы, беделді театртанушылар мен сыншылардың жоғары бағасы ұжымның шығармашылық әлеуеті мен кәсіби деңгейін айқындап, жаңа  белестерді бағындыруға шабыт береді.
 

                    
                    

Ақпараттық серіктестер