Oqıǵalar

«Отпен ойнаған кім?» — қауіпсіздік туралы жаңа қойылым»

«Отпен ойнаған кім?» қауіпсіздік туралы жаңа қойылым»
 
        Театрымыздың 41-ші маусымы жарқын жаңалықтармен басталды. «Мой дедушка был вишней» спектаклінің премьерасынан кейін театр көрермендеріне тағы бір жаңа қойылым — «Отпен ойнаған кім?» спектаклін ұсынды. Жаңа спектакльдің тұсаукесері 16 қыркүйекте өтті. Спектакльдің авторы әрі режиссері — Юлия Семенова. Режиссердің шығармашылық қоржыны балаларға арналған тағы бір тағылымды, тақырыптық қойылыммен толықты. Юлия Семенованың бұған дейінгі «Өшірбек Сөндірбектің хикаясы» атты қойылымы көрермендердің көңілінен шығып, театр сахнасындағы сүйікті спектакльдердің біріне айналған еді. Ал «Отпен ойнаған кім?» алғашқы көрсетілімінен-ақ жас көрермендердің ерекше қызығушылығын тудырды. Қызықты сюжет, көңілді музыкалық композициялар мен интерактивті ойындар арқылы балаларға отпен ойнаудың қауіптілігі, абайсыздықтың салдары және өрт қауіпсіздігі талаптарын сақтаудың маңыздылығы қарапайым әрі әсерлі түрде жеткізіледі.
    Қойылым барысында кішкентай көрермендер кейіпкерлердің күтпеген әрекеттері мен қызықты қылықтарына шын жүректен күліп, сұрақтарға белсенді жауап беріп, интерактивті ойындарға қызығушылықпен қатысты. Олар спектакльдің ерекше әрі заманауи баяндау тәсілін жоғары бағалап, тақырыптың өзектілігін атап өтті. 
      «Отпен ойнаған кім?» — көрерменге көтереңкі көңіл-күй сыйлайтын жарқын театрлық қойылым ғана емес, балаларға өрт қауіпсіздігі ережелерін ойын мен өнер арқылы үйретіп, маңызды қағидаларды есте сақтауға көмектесетін тағылымды спектакль.

 
 
 

Ақпараттық серіктестер