Oqıǵalar

Театрдың халықаралық сахнадағы жаңа жетістігі

       Қостанай облыстық қуыршақ театрының шығармашылық ұжымы Ресей Федерациясының Челябі қаласында 17–21 қыркүйек аралығында өткен В. Вольховский атындағы ересек көрермендерге арналған қуыршақ спектакльдерінің «Соломенный жаворонок» X Халықаралық фестиваліне қатысты. «Соломенный жаворонок» фестивалі кәсіби театр қауымдастығы арасында беделге ие, Ресейден тыс жерлерге де танымал халықаралық мәдени шаралардың бірі. Биыл фестивальге қатысуға өтінім берген 83 спектакльден, байқау қорытындысы бойынша 11 қойылым ғана фестиваль бағдарламасына іріктелді. Фестиваль афишасынан орын алудың өзі — қойылымның жоғары кәсіби деңгейінің мойындалуы.
     Қостанай қуыршақ театры фестиваль көрермендеріне режиссер Н. Сабашвили сахналаған Н. В. Гогольдің «Жындының жазбалары» повесінің заманауи интерпретациясын ұсынды. Қойылым көрермендер мен фестиваль қонақтарының ыстық ықыласына бөленіп, жоғары бағасына ие болды. Әсіресе басты рөлді сомдаған Әлқожа Төлендінің актерлік шеберлігіне ерекше назар аударылды. Ол кейіпкердің күрделі ішкі әлемін терең аша отырып, эмоцияналды, нанымды әрі көркем бейне жасай білді. Фестиваль қорытындысы бойынша Т. Әлқожа «Үздік ер адам рөлі» номинациясының жеңімпазы атанды. Фестивальдің ерекшеліктерінің бірі — жүлдегерлерді кәсіби қазылар алқасы емес, фестивальге қатысушы театрлардың өкілдері анықтайды. Осы тұрғыдан алғанда, әріптес театрлардың өз дауыстарын Төленді Әлқожаға беруі — актердің өнеріне кәсіби ортаның жоғары бағасының айқын көрінісі әрі оның жеңісінің маңызын арттыра түседі.
     «Соломенный жаворонок» халықаралық фестиваліне қатысу Қостанай облыстық қуыршақ театрының ұжымына жаңа кәсіби тәжірибе жинақтауға және әлемдік қуыршақ театрының заманауи даму бағыттарымен танысуға мол мүмкіндік берді.
      Шығармашылық ұжымды алда тағы бір маңызды халықаралық өнер додасы күтіп тұр. Театр 20–25 қазан аралығында Алматы қаласында өтетін «Almaty Puppet Festival – 2026» IV Халықаралық қуыршақ театрлары фестиваліне қатысады.

  
 

Ақпараттық серіктестер